Әбу-Дабилік компания Астана әуежайын басқару туралы келісімшартты ұзарта алмады

Жарияланды
 astana.citypass.kz, бильд-редактор: Милош Муратовский

2023 жылғы 7 қарашадан 2025 жылғы 7 қаңтарға дейінгі мерзімде Terminals Astana Airport Management компаниясымен (Terminals Holding құрамына кіреді, БАӘ) жасалған «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның 100% акцияларын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару туралы келісім ұзартылмады. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті «Курсив» сұрауына берген жауаьбында мәлім етті.

«Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен жасалған (Terminals Astana Airport Management компаниясы – «Курсив») сенімгерлік басқару туралы келісім 2025 жылғы 7 қаңтарда өз күшін жойды. Қазіргі уақытта 100% акциялар пакеті Астана қаласының коммуналдық меншігіне берілді», – деп хабарлады комитет.

Сонымен қатар, комитет сенімгерлік басқару туралы келісімнің күші жойылғандықтан, сенімгерлік басқарушы тарапынан әуежайды орта мерзімді кезеңде дамыту жобасын әзірлеу және ұсыну қарастырылмағанын атап өтті.

2024 жылдың соңында Қазақстанның Көлік вице-министрі Мәқсат Қалиасқаров «Курсив» басылымына Terminals Astana Airport Management компаниясы елорда әуежайын 25 жылға дамыту стратегиясын әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді. Вице-министрдің айтуынша, инвестор жүргізілген жұмыстардың қаржылық-экономикалық аудитін және әуежайды 25 жылға дамыту стратегиясын ұсынуы тиіс болған. Осыдан кейін ғана келісімді ұзарту туралы шешім қабылдануы мүмкін еді. Қалиасқаровтың мәліметінше, келісімді ұзарту шеңберінде инвестор елорда әуежайын дамытуға қаржы салуға міндеттелген.

Сондай-ақ оқыңыз