Қазақстан қор биржасы AIX-пен бірігу жөнінде ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы баспасөз жиынында KASE төрағасы Алина Алдамберген мәлімдеді.
«Қазақстан қор биржасы бұл бағытта ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ», – деді ол.
Қос биржаны біріктіру жайы
2023 жылы қыркүйек айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қос биржаны біріктіру туралы тапсырма берген. Президент олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталап, тіпті өзара бәсекеге түсетінін айтқан.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деп мәлімдеген.
Алғашында биржаларды біріктіру 2024 жылдың көктемінде басталады дегенімен, 1,5 жыл өтсе де, келіссөз басталмаған.
Ұлттық банк KursivMedia-ның ресми сауалына KASE мен AIX-тің құрылымы мен қызметі әзірге өзгеріссіз қалады деп жауап берген.