Банк пен қаржы

«Қазақтелеком» Kcell байланыс операторын сатуды жоспарлап отырған жоқ

Фото: kursiv.media

«Қазақтелеком» Kcell компаниясын сатуды жоспарлап отырған жоқ. Байланыс операторы компания құрылымында қалып, акциялары Қазақстан қор биржасында саудалана береді. «Қазақтелеком» компаниясы Жеке акционерлер қауымдастығына берген жауабында осылай мәлімдеген.

«Қазақтелеком» бұл ретте «инфрақұрылымды дамыту, абоненттерді мыс желілерден оптикалық желілерге көшіру, цифрландыру» арқылы компанияны жан-жақты дамытуға ниетті. Бұл қаржылық көрсеткіштердің өсуіне ықпал етіп, «өз кезегінде компанияның нарықтағы құнын арттырады».

«Қазақтелеком» 14 қаңтар күні Теle2/Altel байланыс операторын (Мобайл Телеком-Сервис) қатарлық инвестор – Power International Holding (PIH) компаниясына толық сатқанын хабарлады.

Осы ретте қауымдастық өкілдері «Қазақтелекомнан» Теle2/Altel-ді сатудан түскен кірістен жеке инвесторларға қандай да бір дивиденд төлене ме деп сұраған. Өйткені компания табысты активінен айырылып, бизнестің кірістілігі біршама төмендейтіні анық. Алайда «Қазақтелеком» менеджменті бұл сұраққа жауап бермеген.

Бұған дейін QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев Конституциялық сотқа жүгінген еді. Ол Экономика министрлігінің Теle2/Altel-ді сатудан түскен қаражаттың мемлекеттік пакеттің дивидендін қоспағанда, толықтай Ұлттық қорға бағытталуын көздейтін бұйрығы қаншалықты заңды екенін анықтауды сұраған. Алайда сот жеке акционерлердің өтінішін кері қайтарды.

«Қазақтелеком» – Kcell операторының негізгі акционері. Оған акцияларының 51 пайызы тиесілі. 14,87%-ын Ғалымжан Есеновтың KC Holding LTD компаниясы иеленсе, First Heartland Jusan Bank-ке – 9,08% және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 7,1% акциясы тиесілі. Ал «Қазақтелекомның» негізгі бенефициарлары: «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры (71,32%) мен First Heartland Jusan Bank (8,1%).