Жаңалықтар

Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі қаңтар айында қайта жанданады

Фото: ТШО

Қазақстандағы ірі мұнай кен-орны – Теңізде жөндеу жұмыстары аяқталды. Кен орнындағы өндіріс 18 қаңтарда толық қосылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

«Жер қойнауын пайдаланушының мәліметінше, жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, қазір іске қосуға дайындық жүріп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында

Кен орнындағы жөндеу жұмысы 2024 жылдың қазан айында басталған. Сол кезде кен орнындағы өндірісі екінші буын зауытында «400 қондырғысының E-401A қалдық жылу қазандығын» жөндеу үшін ішінара тоқтаған. Жабдықты тексеру барысында коррозиядан тесілгені және «технологиялық ағынға бу аққаны» анықталды.

Негізі кен орнындағы жөндеу жұмысы былтыр 23 қарашада аяқталуы тиіс болатын. Одан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жөндеу жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталатынын айтқан.

Кен орнын «Теңізшевройл» ЖШС игеріп жатыр. Компанияның негізі акционерлері: Chevron (50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), «ҚазМұнайГаз» компаниясы (20%) мен Лукойл (5%).