Банк пен қаржы

Ұлттық банк шетелдіктердің валюта сатып алуына бақылауды күшейтпек

Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк шетелдіктердің конверциялық операцияларын бақылауды күшейтпек. Мұндағы мақсат – валюта нарығындағы алыпсатарлықтың алдын алу мен ҚР валюта заңнамасын айналып өткісі келетіндердің жолын кесу.

Конверциялық операция – бұл бір валютаны екінші валютаға айырбастауға байланысты қаржылық операция. Нарық қатысушылары белгілі бір датада алдын ала келісілген бағам бойынша бір елдің валютасын екінші елдің ақшасына сатады. Бейрезиденттердің валюталық операцияларының заңдылығын тексеру мақсатында қаржы деректерін көрсетіп, ақшаның қайнар көзін дәлелдеуі қажет.

«Бұл ретте резиденттерге тауарларды сату (қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау), теңгеге қаржы активтерін сату, Қазақстан Республикасындағы қызметтен дивидендтер алу сияқты экономикалық негізделген көздерден алынған теңгеге шетел валютасын конвертациялау бойынша бейрезиденттердің операциялары стандартты режимде жүргізілетін болады», – делінген ҰБ хабарламасында.

Сонымен қатар Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің сатылған валюта туралы есеп беретін уақытын қысқартуды көздеп отыр. Жоба бойынша, банктер валюталық операциялар жайлы ақпаратты Ұлттық банкке 5 жұмыс күні ішінде ұсынуы тиіс

«Банктердің есептілікті ұсыну мерзімдері нарықтағы жағдай туралы мәліметтерді уақтылы алу, оны талдау және қажет болған жағдайда жедел шаралар қабылдау мақсатында қысқартылады», – делінген ҰБ хабарламасында.

Қазіргі заңнамада банктер бұл есепті 18 күн ішінде жіберуі тиіс. Сонымен қатар ҰБ-ға тапсырған есепке тек 3 күн ішінде өзгеріс енгізуге болады. Бұған дейін бұл өзгеріске 1 күн берілетін.