Қазақстан қор биржасы өз акционерінің түпкі иесі туралы ақпарат ала алмаған. Бұл туралы KASE-нің 2024 жылғы жұмыс нәтижесі туралы баспасөз жиынында қордың басқарма төрағасы Алина Алдамберген айтты.
«Мәскеу қор бижасы KASE акционерлері қатарынан шығып, өз үлесін инвестициялық пай қорларына сатты. Олардың нақты акционерлері туралы ақпарат алу үшін осы ұйымдарға жүгіндік. Алайда жауап болмады, қазір қолымызда нақты мәлімет жоқ», – деді Алдамберген.
Қазақстан қор биржасының акционерлері кім?
Қор биржасының негізі акционері – Қазақстан Ұлттық банкі. ОЛ KASE-нің 46,9 пайыз акциясын иеленеді. Олан бөлек, ірілі ұсақты 105 акционері бар. Былтыр АҚШ санкциясына ұшыраған – Мәскеу қор биржасы (MOEX`) ірі акционерлердің бірі еді. MOEX` санкцияға ұшыраған соң, MOEX-тің Қазақстан қор биржасы акционерлері қатарынан шығуы туралы мәселе көтерілген. Өйткені қор акционерлерінің біріне санкция салыну KASE-де айырбастау мен жеке төлемдер қызметіне қауіп төндірді.
Кейін Мәскеу биржасы өз иелегіндегі 13,1 пайыз акциясын қос ресейлік компанияға сатты. Қор акциясының 8,5% үлесін «Тетис Кэпитал» ЖШС, ал «Баланс Эссет Менеджмент» компаниясы 4,6% акциясын сатып алды. Ал «Тетис Кэпитал» ЖШС «Нигелла» инвестициялық қорын, екіншісі «Левкой» қорын басқарады.
Сол кезде Алина Алдамберген ресейлік қос компанияның түпкі иесі кім екенін білмейтінін, олар туралы ақпарат сұрататынын айтқан.
АҚШ санкциясына тағы ілікті
АҚШ-тың санкциясы инвестициялық пай қорларын да айналып өтпеді. 2024 жылдың қараша айында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) санкция салынатын ресейлік компаниялар тізімін жаңартты. Оған 40-тан астам тіркеуші компания енген. Солардың қатарында «Инфинитум» мамандандырылған депозитариі де бар еді. Ал бұл депозитарийде жоғарыда аты аталған «Нигелла» және «Левкой» жабық инвестициялық қорының пайлары сақталады.
KursivMedia жолдаған ресми сауалға берген жауабында KASE жаңа санкциялар қор қызметіне тікелей әсер етпейтінін жазған. Егер санкция қатері туындаса, биржа оның алдын алатын қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
2025 жылы акционер ауысты ма?
2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстан қор биржасының акциорнерлері тізіміне ресейлік Райффайзенбанк АҚ енген. Ол қордың 13,1 пайыз акциясын иеленеді. Дәл осындай үлесті былтыр Мәскеу қор биржасы ресейлік қос компанияға сатқан еді. Ал «Тетис Кэпитал» мен «Баланс Эссет Менеджмент» компаниясының атауы акционерлердің жаңа тізімінде жоқ.