Жаңалықтар

ҚазҰУ Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына қатысты дау-дамайға жауап берді

Бүгінде ғылыми-жобалық құжаттар дайын, ғимарат қасбеті қайта қалпына келтірілмек./фото: ашық дереккөзі

Тарихи-мәдени нысанға жататын Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына заңсыз жөндеу-жұмыстарын жүргізді деп тағылған айыпқа ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі түсініктеме берді.  

Оған сүйенсек, бүгінде ғылыми-жобалық құжаттар дайын, ғимарат қасбеті қайта қалпына келтірілмек.

ҚазҰУ дерегінше, 1989 жылы салынған осы ғимаратқа 35 жылдан бері ешқандай техникалық тексеріс жүргізілмеген. 2023 жылы ғимараттың тозу деңгейін анықтау мақсатымен техникалық тексеріс жүргізіп, көп ақау тапқан.

«Университет Сарайдың тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде сақталуын, сонымен қатар студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін де ескереді», – дейді ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Айтуларынша, техникалық тексеріс нәтижесі бойынша, күрделі және қалпына келтіру жұмыстарының қажеттілігі анықталған. Сарапшылар ғимараттың салмақ түсіретін және қоршалған конструкциясынан ақау тапқан.

«Темір-бетон ригелінің бір бөлігі болмай шыққан. Конструкцияның бөліктері ашылып қалған. Жертөле қабатында темір-бетон қабырға жоқ. Осы ақауларды жою үшін демонтаж жасалған. Егжей-тегжейлі техникалық тексеру кезінде басқа да түйткілдер анықталған», – дейді ҚазҰУ баспасөз қызметі.  

Сонымен қатар байланыстырылған жерлерде темір-бетон колонналарының бөлшектері коррозияға ұшырап, бүліне бастапты. Ғимаратта мұндай 247 коллонна бар. Кіріктірілген жерлерде темір-бетон колонналары қисая бастаған. Бірінші және екінші қабаттарда темір-бетон колонналары жоқ. ҚазҰУ ұзын-саны 7 ақауды көрсетіп отыр.  

«Бұл ақауларды таза әрлеуді демонтаж жасамай, көзбен анықтау мүмкін емес. Қолданыстағы Құрылыс нормаларына (1.04-26-2022) сәйкес, ағымдағы жөндеу жұмыстарын әрбір 3-5 жылда жасау қажет. Әр 20-25 жылда күрделі жөндеу керек», – дейді ҚАЗҰУ баспасөз қызметі.

Мұның алдында ҚазҰУ-дың қала әкімдігімен келіспей, Студенттер сарайын реставрациялау жұмыстарын бастағаны туралы ақпарат тарады. Бұл ғимарат тарихи-мәдени ескерткіш.