Жаңалықтар

Адвокат Жанна Оразбақова 2 жылға сотталуы мүмкін

Адвокат Жанна Оразбақова 2 жылға сотталуы мүмкін бе?
Адвокат Жанна Оразбақова 2 жылға сотталуы мүмкін бе? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Белгілі алматылық адвокат Жанна Оразбақова үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан адвокаттарының қауымдастығы өткізген баспасөз конференциясында белгілі болды.

Адвокаттар қауымдастығы Жанна Оразбақова мен Ғабит Бекітаевтың үстінен қозғалған іске қарсылық білдіріп, кәсіби қызметі үшін адвокаттарды қудалауға жол беруге болмайтынын айтты.

Оразбақова мен Бекітаевтың үстінен «сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету», яғни 423-бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл бапқа сәйкес, іс сотқа дейін барып, адвокаттар кінәлі деп танылса, олар 2 мың АЕК айыппұл төлеп немесе 600 сағат қоғамдық жұмыс істеп немесе екі жылға дейін бас бостандығы шектеліп немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Екі адвокат AlfaStom стоматологиялық желілерінің негізін қалаушысы Лилия Аношинаның мүддесін қорғайды. Оразбақованың айтуынша, қазір адвокатқа қатысты қауесет әңгімелер тарап, ақпараттық шабуыл жасалып жатыр. Адвокат қылмыстық істің қозғалуын қысым көрсету құралы және сот дауынан шығарып тастау үшін қарсы тараптың істеп отырған әрекеті ретінде бағалады.

«Жаз айларында Аношинаға қарсы ақпараттық кампания жүргізген ресейлік басылымдар желтоқсан айынан бастап маған қарсы шабуыл жасап жатыр. Аношина қазақстандық олигарх, Bazis-A компаниясының негізін қалаушы, Александр Беловичтің бұрынғы әйелі», – деді адвокат.

Беловичтің алаяқтық және қорқыту туралы арызынан кейін, Аношинаға халықаралық іздеуге жарияланып, көмекшісі Татьяна Белова бес айдан астам уақыт тергеу изоляторында отыр. 

Айта кетейік, екі адвокатты қорғауға 40 адвокат өтініш берген. Олардың қатарында Оразбақовамен бірге Салтанат Нүкенованың отбасының мүддесін қорғаған Игорь Вранчев те бар.