Жаңалықтар

Қазақстан ресейлік хакерлердің қызығушылық алаңына айналған – The Hacker News

Қазақстан ресейлік хакерлердің қызығушылық алаңына айналған
Қазақстан ресейлік хакерлердің қызығушылық алаңына айналған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейлік хакерлер Кремльдің Орталық Азияда экономикалық және саяси ақпарат жинау жөніндегі саясаты аясында Қазақстанға қарсы кибершабуыл науқаны басталған. Бұл туралы The Hacker News басылымы жазады.

Шабуылды UAC-0063 деп аталатын топ жасаған. Басылым ақпаратына сүйенсек, Ресей бас дирекциясының штабы аффилиирленген хакерлік ұйыммен байланысты болуы мүмкін. Бұл бұған дейін Fancy Bear, Sofacy және басқа атаумен белгілі болған.

«UAC-0063 туралы алғаш рет 2023 жылдың басында Украинаның компьютерлік төтенше жағдайларды жою тобы хабарлады. Hatvibe, Cherryspy және Stillarch сынды бақылау бағдарламаларын пайдалана отырып шабуыл жасалғаны жазылған», – делінген сайтта.

Француздық Sekoia компаниясының мәліметі бойынша, UAC-0063 қызметі мемлекеттік басқару, дипломатия, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, энергетика және қорғаныс сынды салаларда ақпарат жинаумен айналысады. Негізгі географиялық бағыты – Украина, Орталық Азия және Шығыс Еуропа.

Соңғы шабуылдар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің құжаттарына жасалуы мүмкін екені жазылған. Sekoia бұл шабуылдардың APT28 тобы бұрын жүргізген операцияларға ұқсас екенін атап өтті. Науқан Қазақстан мен көрші елдердің дипломатиялық қатынастары туралы стратегиялық ақпарат жинауға бағытталған болуы мүмкін.

Мақалада бұған қоса, Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан Norsi-Trans және Protei сияқты ресейлік компаниялардан SORM деректерін сатып алғаны жазылған. Авторлардың жазуынша, жүйе ресейлік барлау қызметтеріне интернет-трафик пен коммуникацияларды бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан, сондай-ақ Латын Америкасы елдері Куба мен Никарагуа азаматтардың телефон арқылы сөйлесулерін тыңдау технологиясын сатып алғаны атап өтілген.

«Бұл жүйелер қауіпсіздік мақсатында заңды түрде қолданылғанымен, саяси оппозицияға, журналистерге және белсенділерге қарсы репрессия жасауға мүмкіндік береді», – делінген мақалада.

Сарапшылар ресейлік бақылау жүйелерінің экспорты Кремльдің ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Мақаладағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шабуыл жасалуы туралы деректерге байланысты министрліктің баспасөз қызметіне сауал жолдадық. Материал шыққанға дейін нақты жауап келмеді.