Lifestyle

Футбол клубтары қосымша легионерді тіркеу үшін федерацияға 40 млн теңге төлеуі мүмкін

Футбол клубтары легионерлер үшін 40 млн теңге төлеуі мүмкін / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елімізде футбол клубтары қосымша легионерді тіркеу үшін 40 млн теңге төлеуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан футбол лигасы (ҚФЛ) кеңесінің жиналысында айтылды. Жиында Қазақстан футболының маңызды мәселелері, соның ішінде легионерлерге қойылатын шектеулер мен жас ойыншыларды дамытуға қатысты ұсыныстар талқыланды.

Легионерлерге қатысты жаңа ережелер

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚФЛ) қазіргі легионерлер лимитін қайта қарауды ұсынды. Жаңа ережеге сәйкес:

  • Бір ойынға қатысатын легионерлер саны 10 ойыншымен шектелмек.
  • Қосымша екі шетелдік футболшыны 40 миллион теңгеге тіркеуге болады. Жиналған қаражат арнайы сыйақы қорына қосылады.

Сондай-ақ, әрбір ойында 21 жасқа толмаған екі қазақстандық ойыншының міндетті түрде құрамада болуы ұсынылды. Бұл шара жас футболшылардың тәжірибе жинақтауына және кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа ұсынысты Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Саян Хамитжанов пен «Ордабасы» футбол клубының президенті Асхат Сейсембек қолдады.

«Ақтөбе», «Қызылжар» және Ertis клубтарының өкілдері қалыс қалды. Қарсы шыққан
«Қайрат» футбол клубының бас директоры Асқар Есімов ғана.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында мәжіліс депутаттары «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Аталған құжатта: Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу ұсынылған еді.