Елімізде қасқыр атуға рұқсат берілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2025 жылға арналған қасқыр мен шибөріні аулаудың рұқсат етілген көлемін анықтайтын биологиялық негіздеме әзірленгенін хабарлады.
Аулау мерзімі мен тәртібі
2025 жылы 15 қаңтар сағат 10:00-ден бастап қасқыр мен шибөрінің санын реттеу мақсатында арнайы рұқсат алуға болады. Бұл жануарларды аулауға рұқсат 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.
Қай аймақтарда атуға болады?
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында жануарларды аулау тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны расталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Рұқсат алу тәртібі
Қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік қызмет түрі толығымен автоматтандырылған және электрондық лицензиялау веб-порталы арқылы алуға болады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, жануарлар санын реттеу биологиялық тепе-теңдікті сақтау және үй жануарларын қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Аталған шаралар экологиялық жүйеге зиян келтірмей, жануарлар дүниесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.