Жаңалықтар

Кафеде «шайға» деп артық ақша қалдыру пара болып есептеле ме? Депутатты жемқорлыққа қарсы заң нормалары алаңдатып отыр

шәйға ақша беру
Мәжіліс депутаттары сыйға берілген қаражаттың қандай жағдайда пара болып есептелетінін талқылады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақы алуына қатысты заңға жаңа нормалар енгізбекші. Бұл норма заңсыз сыйақы алу жағдайларына тосқауыл болуы керек. Алайда депутат Сергей Пономарев бұл нормалар шектен шығып, тіпті шайға қалдырылған ақшаны алған даяшылардың басына күн тууы мүмкін деп алаңдайды.

Депутат азаматтардың күнделікті өмірінде сыбайлас жемқорлық жиі кездесетінін, барлық шаруаның ақшамен шешілетінін айтады. Жоғары оқу орындарында мұғалімдер жақсы баға үшін пара сұраса, емханаларда сапалы ем үшін пара алатындар бар. Депутат тіпті банк секторында да жеңілдікпен несие рәсімдеу үшін пара беру керек екенін айтады. Аталмыш заң осындай жемқорлықтың алдын алу үшін енгізіліп жатыр. Бірақ бұл нормалар күшіне енсе, оны құзыреттілігі бар адамдар теріс пайдалануы да ғажап емес.

«Заң жобасы мемлекеттік қызметте істемейтін кез келген адамға заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздейді. Заңсыз жолмен сыйақы алғанның да, бергеннің де жауапты болғаны қисынды, әрине. Бірақ бұл заң бойынша, кафеде шәйға деп ақша қалдыру да қылмыс ретінде қаралуы мүмкін. Яғни ақша берді, пара алды. Осы орайда құқық қорғау органдары өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы мүмкін ғой. Сыйақы қандай жағдайда заңды, қандай жағдайда заңсыз болып есептеледі? Нақты ажыратып бересіздер ме?», – деді депутат.

Бас прокуратураның өкілі Альбина Мауытова заң жобасының нормалары мұндай сыйақы түрлеріне қатысты қолданылмайтынын, тек мемлекеттік саладағы парақорлыққа ұқсас заңсыз сыйақы алғаны және бергені үшін жауапкершілік қарастырылатынын атап өтті.

«Қазір бізде заңсыз сыйақы алу үшін Қылмыстық кодексте жауапкершілік бар. Мемлекет бұл зұлымдықпен күресу үшін қажетті шаралар қабылдап, жеке секторда мұндай қылмыс үшін жауапкершілік енгізуді көздеп отыр. Сіз атап өткен тәуекелдерге келетін болсақ, бұл мәселені арнай ережелер негізінде реттеу қажет деп ойлаймын. Бұл негізінен еңбек заңнамасымен реттеледі. Егер онда марапаттау және сыйақы түріндегі қандай да бір ынталандыру шараларын қолдану мүмкіндігі қарастырылса, бұл жерде ол қылмыстық-құқықтық саланың орбитасына түспейді», – деді прокуратура өкілі.