«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясын бекітті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Компания өзінің басты стратегиясы ретінде ядролық отын цикліне қатысуын кеңейтуді көздеп отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ компанияның 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясын директорлар кеңесі бекіткені туралы хабарлайды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Компания мәліметінше, кәсіпорын 2018-2028 жылдарға белгіленген негізгі стратегиялық мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізген. Сол себепті даму стратегиясын жаңарту қажеттілігі туындаған. «Қазатомөнеркәсіпті» дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған стратегиясында ядролық отын нарығындағы өзгерістер ескерілген. Солайша жаңа стартегия уран өнімдеріне, сирек және сирек кездесетін жер металдарына деген сұранысты негізге ала отырып, Value over Volume қағидатына сәйкес әзірленген.
Жаңартылған стратегияға сәйкес, компанияның директорлар кеңесі 2025-2034 жылдарға арналған мынадай стратегиялық мақсаттарды айқындаған:
- негізгі қызмет түріне назар аудару және ресурстық базаны ұлғайтуға және тиімді пайдалануға күш-жігерді шоғырландыру;
- экономикалық орындылықпен расталған өскелең перспективаларды ескере отырып, ядролық отын цикліне қатысуын кеңейту;
- сыни минералдарға сұраныс жағдайында сирек және сирек жер металдарының бағытын дамыту және кеңейту;
- сатуды әртараптандыруды және сауда функциясын күшейтуді жалғастыру;
- бизнестің тұтастығын қамтамасыз ету және қолдау үшін озық бизнес және ESG тәжірибелерін жетілдіру.
«Жаңартылған стратегиялық мақсаттарды табысты іске асыру компанияға уранның, ядролық отын циклінің, сирек және сирек жер металдарының әлемдік нарығындағы өз орнын нығайтуға ғана емес, сонымен қатар барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құндылық құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Компанияның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Қазатомөнеркәсіптің 2018-2028 жылдарға арналған Даму стратегиясына сәйкес, компания трейдерлерге сатуды шектеу және жеке сауда компаниясын құру арқылы уранды сату тәсілін өзгерткен. Сонымен бірге 2018 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіптің клиенттер базасында Бразилия (2018), Швеция (2018), Испания (2019), Аргентина (2020), Румыния (2021) және БАӘ (2024) сияқты 6 жаңа ел пайда болған. Сонымен қатар бұл аралықта Қазатомөнеркәсіп корпоративтік басқару тәсілдері мен қағидаттарын біршама жақсартып үлгерген. Бұған қоса компания беделі артып, инвестициялық қоғамдастықтың және басқа стейкхолдерлердің сенім деңгейі көтерілген.