Алғыс ретінде берілген сыйлық сомасы 20 мың теңгеден асса, пара болып санала ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Сыйлық сомасы 5 АЕК-тен асса пара болып саналуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Алғыс ретінде берілген сыйақы сомасы 5 АЕК-тен асса, пара болып саналады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.

Журналист ұстаздар мен дәрігерлердің мереке қарсаңында көп сыйлық алатынын айта келе, сыйлық сомасы қанша теңгеден асқанда пара болып есептелетіні туралы сұрады.

«Расында, мұнда алғыс ретінде берілген және пара ретінде берілген сыйлықтың ара-жігін ажыратып алған дұрыс. Жәй алғыс ретінде алынған сыйақы пара болып есептелмейді. Ал егер дәрігер порталда кезегіңізді жылжытып бергені үшін ақша алса, бұл пара болып есептеледі. Немесе қандай да бір көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін сыйлық берген болсаңыз, ол – пара. Мұнда біз сыйлықтың берілу себебі мен салдарына мән беруіміз керек. Жалпы, пара беруге оқталу, уәделесуді қылмыстық қудалау көзделіп отыр. Біз осылайша тұрмыстық жемқорлықпен күресуді қолға алып жатырмыз», – деді агенттік өкілі.

Сарқұловтың түсіндіруінше, дәрігерге жәй ғана алғыс ретінде бір қорап кәмпит берсеңіз, бұл пара емес. Ал құны 20 мыңнан асатын сыйлық берсеңіз 5 АЕК көлемінде белгіленген сыйақы мөлшерінен асып кететіндіктен, параға жатқызылуы мүмкін. Сонымен бірге ол сыйлықты беру себебіңіз де ескеріледі. Ал егер еш себепсіз, алғыс ретінде 19660 теңгеден асатын сомаға сыйлық берілген болса, одан артылған соманы сыйлық алған адам арнайы қорға өткізуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз