Еуроодақ 16 санкциялар пакетінде Ресейдің алюминийі мен сұйытылған мұнай газына тыйым салуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ресейлік банктерді SWIFT жүйесінен ажыратады. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды.
Басылымның хабарлауынша, әзірленіп жатқан санкциялар пакетінде Еуроодақ Ресей алюминийі мен сұйытылған табиғи газ экспортын шектемекші. Сонымен бірге ЕО Ресейден мұнай тасымалдайтын Мәскеудің көлеңкелі флотындағы ондаған танкердің жұмысына шектеу қойып, әскери мақсатта пайдаланылатын тауарлардың экспорттық бағытын бақылап отыруды көздеп отыр.
Басылым дереккөзі санкциялық пакетте сонымен бірге көптеген банктерді SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратуды көздейтін шектеудер енгізілетінін де айтқан.
Алюминийге қатысты шектеулер бірте-бірте енгізілмекші. Бірақ бұл металл түріне қанша уақытқа және қандай көлемде тыйым салынатыны белгісіз. Басылымның хабарлауынша, санкциялар пакеті әлі нақты бекітілмеген. Бұл шектеулер ресми мәлімдеме шыққанға дейін өзгеруі әбден мүмкін.
Bloomberg мәліметінше, бұл жолы ЕО Ресейге қару-жарақ технологиясын алуға көмектесетін үшінші елдердің көптеген компанияларына да санкция салуды көздеп отыр.
16-санкциялар пакетінде Қытай мен Араб Әмірліктері секілді әскери құрал-жабдықтар жеткізуге көмектесетін үшінші елдердегі компанияларға көбірек салық салынып, ресейлік көлік секторына да біршама шектеулер енгізу жоспарланып отыр.