2024 жылы қор биржасындағы квазимемлекеттік компаниялардың үлесі артты. Бір жылда мемлекеттің қатысуы бар компаниялар бірінші нарықта 6,05 трлн теңгеге мәміле жасасқан. 2023 жылы аталған көрсеткіш 5,2 трлн теңге еді. Бұл туралы KASE-нің бір жылдық есебінде басқарма төрағасы Алина Алдамберген айтты.
Квазимемлекеттік сектордағы компаниялар орта есеппен күніне 20 мәміле жасап отырған. Орташа сауда-саттық көлемі – 31,9 млрд теңге. Биржаға шығарылған құнды қағаздардың басым көпшілігі 5-10 жылға (2,3 трлн теңге) және 1-3 жылға (1,5 трлн теңге) арналған.
Оның ішінде Қаржы министрлігі 10,74-13,50%-бен 38 шығарылым жасады. Олардың жалпы көлемі 5,6 трлн теңгеге жетеді. Ал 462,1 млрд теңгені Алматы, Астана және Шымкент қаласы мен облыстардың әкімдіктері тартқан.
Бұл үрдісті Алина Алдамберген экономикадағы үлкен мақсаттарға байланысты деп түсіндіреді.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда ЖІӨ арттыру деген мақсат бар. 2020-2029 жылдары аралығында ЖІӨ 6% артуы керек деген. Ол үшін көптеген жаңа бизнестің іске қосылуына мүмкіндік беретін жобаларға инвестиция салмақшы. Сондықтан квазимемлекеттік сектор қаржыландыру тартып жатыр», – деді.
Бұған дейін «Қазақстан қор биржасы» басқарма төрағасы Алина Алдамберген 2024 жылдағы қор нарығында болған өзгерістер жайлы есеп берген еді. Ол туралы мына жерден оқи аласыздар.