Қостанайда бес баласы үйде өртеніп кеткен әйел колонияда жазасын өтейді
Былтыр Қостанай облысында бес баласы үйде өртеніп кеткен әйел адамға қатысты сот үкімі шықты. Жітіқара аудандық соты оған бес жыл түрме жазасын кесті.
Төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылдың қазан айында Жітіқарада қайғылы оқиға болғанын хабарлады. Үйде алты бала ұйықтап жатқан. Балалардың үлкені – 13 жастағы ұл сыртқа шығып үлгерген. Өрт салдарынан үй күлге айналды.
Балалардың әкесі колонияда жазасын өтеп жатқаны белгілі болды. Сол түні анасы үйде болмаған.
Сот материалдары бойынша анасы тұңғыш баласына пешке от салуды тапсырған.
«Ұлы пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салады. Нәтижесінде пештегі жалынның жанып, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды», – деп хабарлады Жітіқара аудандық сотының баспасөз қызметі.
Үйде болмаған әйел кінәсін мойындады. Оған ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) іс қозғалған.
Судья оның баласы болуын ескеріп, жазасын өтеуді кейінге қалдырды. Орташа ауыр қылмыс санаты бойынша қостанайлық тұрғын бес жыл түрмеде жазасын өтеуі тиіс.