Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы квадроберлерді насихаттауға тыйым салды. Мүфтият қоғамдағы бұл құбылыс шариғатқа түбегейлі қайшы деп санайды.
Діни басқарма «Шын мәнінде, біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық» деген Құран аятын алға тартқан. Тіпті ер адамның әйелге, ал әйел адамның ер кісіге еліктеуін мұсылман қауымы құптамайды.
«Адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналады», – деп мәлімдеді ҚМДБ.
Дейтұрғанмен өнер иелеріне, түрлі жануар образын сомдайтын әртістеріне сахнаға шығуына шектеу қойылмайды.
«Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады», – делінген үкім мәтінінде.
Квадробика балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралып келеді. Жануарға ұқсап төрт аяқтап жүруге құмар адамдар туралы бейнежазбалар ғаламторды шарлап жүр. Квадроберлер арасында ересектер де бар.