АҚШ Ресеймен қатар бірнеше елдің компанияларына санкция салды

Жарияланды (жаңартылды )
АҚШ тағы да тізімді жаңартып, санкция салды/ фото: pixabay

АҚШ бірқатар мемлекеттегі кәсіпорындарға шүйлікті. Ресейдің «Атомфлот» федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының басшысы Яков Антонов, Запорожье АЭС бас директоры Владислав Исаев, Бердск электромеханикалық зауытының акционері Сергей Савченкоға, «KERAMAX» АҚ инвестициялық өнеркәсіптік тобының иесі Артем Комаров, Новосибирск облысының бұрынғы губернаторы Василий Юрченкоға қарсы санкция салды.

Ресеймен байланысы бар деген Қытай, Түркия және Германияның 16 азаматы да санкция тізіміне ілікті.

Санкция пакетіне «Патриот» конгресс-көрме орталығы, «Воэнторг», «Тактикалық зымырандық қарулар корпорациясы», «Барнаултрансмаш», «Мотовилиха зауыттары», Тамбов ұнтағы зауыты және «Запорожье атом электр станциясы» федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны да енді.

«Богослов кен басқармасы» АҚ (Орал кен-металлургиялық компаниясының бөлігі), «Операция және есеп айырысу» АҚ, «Аэроэлектромаш» АҚ, «KERAMAX» АҚ және «Лыткарин оптикалық шыны зауыты» АҚ, Новотроицк хром қосындылары зауыты», «Саран прибор жасау зауыты» санкцияға ұшырады.

Қытай, БАӘ, Түркия, Малайзия, Ұлыбритания және Қырғызстан компаниялары да қара тізімге енген.

Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен жаңа санкциялардың Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қатысы бар және оның әскери-өнеркәсіптік базасын қолдайтын 150-ден астам жеке және заңды тұлғаларға салынғанын атап өтті.

10 қаңтарда АҚШ санкция тізімін жаңалаған еді. Онда Ресейге қатысы бар қазақстандық екі компания енген болатын. Атап айтқанда, «Газпром Нефть» компаниясының қазақстандық еншілес кәсіпорны – «Газпром Нефть Қазақстан» (Қазақстан Республикасындағы жанармай құю станциялары желісіне иелік етеді). «Совкомфлотпен» байланысы бар UMBRA NAVI SHIPMANAGEMENT CORP қазақстандық компаниясы да осы тізімге енген.

Сондай-ақ оқыңыз