Жаңалықтар

АҚШ Ресеймен қатар бірнеше елдің компанияларына санкция салды

АҚШ тағы да тізімді жаңартып, санкция салды/ фото: pixabay

АҚШ бірқатар мемлекеттегі кәсіпорындарға шүйлікті. Ресейге «Атомфлот» федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының басшысы Яков Антонов, Запорожье АЭС бас директоры Владислав Исаев, Бердск электромеханикалық зауытының акционері Сергей Савченкоға, «KERAMAX» АҚ инвестициялық өнеркәсіптік тобының иесі Артем Комаров, Новосибирск облысының бұрынғы губернаторы Василий Юрченкоға қарсы санкция салды.

Ресеймен байланысы бар деген Қытай, Түркия және Германияның 16 азаматы да Байденнің көз қырына ілікті.

Санкция пакетіне «Патриот» конгресс-көрме орталығы, «Воэнторг», «Тактикалық зымырандық қарулар корпорациясы», «Барнаултрансмаш», «Мотовилиха зауыттары», Тамбов ұнтағы зауыты және «Запорожье атом электр станциясы» федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны да енді.

«Богослов кен басқармасы» АҚ (Орал кен-металлургиялық компаниясының бөлігі), «Операция және есеп айырысу» АҚ, «Аэроэлектромаш» АҚ, «KERAMAX» АҚ және «Лыткарин оптикалық шыны зауыты» АҚ, Новотроицк хром қосындылары зауыты», «Саран прибор жасау зауыты» санкцияға ұшырады.

Қытай, БАӘ, Түркия, Малайзия, Ұлыбритания және Қырғызстан компанияларына да тұсау салынды.

Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен жаңа санкциялардың Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қатысы бар және оның әскери-өнеркәсіптік базасын қолдайтын 150-ден астам жеке және заңды тұлғаларға салынғанын түсіндірді.

10 қаңтарда АҚШ тізімді жаңалаған еді. Ресейге қатысы бар деген екі компания шырмауға түсті.