Жаңалықтар

Депутат Саиров екі жыл өзгеріссіз тұрған ең төменгі жалақы мөлшерін көтеретін уақыт жетті деп есептейді

Саиров: ең төменгі жалақы мөлшерін инфляцияға сай индекстеу қажет / Колаж: kursiv.media архиві 

Қазақстанда ең төменгі төлем екі жылдан бері 85-мың теңгеден көтерілмей тұр. Азаматтардың шығыны артып, кірістері төмендеп кетті. Сол себепті ең төменгі айлықты инфляцияға сай индекстеу қажет. Мұндай ұсынысты мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты.

Депутат Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, қазақстандықтардың әл-ауқаты мәз еместігін айтты.

Қазақстандықтар қайда көп ақша жұмсайды?

«Ұлттық статистика Бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112-мың теңге құрайды, оның 98-мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, күріштің бағасы 31,3-пайызға, жұмыртқа 16,9-пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен»,- деді депутат Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында.  

Саиров тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында да жағдай мәз еместігін айтады. Мәселен, коммуналдық қызметтердің құны орташа алғанда 25-пайызға шарықтаған.

«Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жібергендігі анық. «Баға қайда кетіп барасың» деп жыламсырайтын жағдайға де жеттік! Ал еліміздегі ең төменгі төлем екі жыл болды 85-мың теңгеден көтерілмей тұр»,- дейді ол.

Депутат не ұсынды?

Ел азаматтарының әлеуметтік деңгейінің күрт төмендеуіне жол бермеу керек деген депутат мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды:

  • Ең төменгі төлемді индексация жасау;
  •  Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы  ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру
  • Өңірлік әкімдіктер жергілікті тұрғындарға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды қолға алуы тиіс.
  • Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.
  • Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету қажет.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгеріп, жәрдемақы мен зейнетақы өсті. Алайда төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалды.