Жаңалықтар

«Күніне кемі 5 айыппұл салу керек»: депутаттар полицейлерге күмәнді тапсырмалар беріліп жатқанын айтты

Полицейлерге жаппай айыппұл салу туралы тапсырма беріліп жатыр ма?/ Фото: kursiv.media архиві

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлеріне «кезекшілікке шыққан әр экипаж кемінде 5 айыппұлдан салуы керек» деген тапсырма берілген видео тарап жатыр. Әкімшілік хаттамаларды рәсімдеу бойынша жұмысты барынша күшейту туралы да тапсырмалар берілген. Бұл мәселе «Ақ жол» партиясының депутаттарының назарына да ілікті. Азаматтарға жаппай айыппұл салу мәселесіне алаңдаушылық білдірген депутаттар ІІМ министрі Ержан Саденовке сауал жолдады.

Полицейлер айыппұл салу бойынша қандай тапсырмалар алды?

Депутаттың айтуынша, әрбір аудандық ішкі істер бөлімдері күніне кемінде екі жүз айыппұл, ал кезекшілікке шыққан әрбір полицей күніне кемінде бес айыппұл салуы тиіс деген тапсырмалар алады. Оған дәлел ретінде бейнежазбалар да бар екен. Тіпті мұндай дыбыстық және бейне хабарламалар бірнеше рет пайда болғанын мысалға алды.

«Мәселен, Telegram әлеуметтік желісінде орналастырылған, полиция қызметкерлері азаматты ұстағаны жөнінде бейнетаспада полиция қызметкерлерінің рациясынан «әкімшілік хаттамаларды рәсімдеу бойынша жұмысты барынша күшейту» командасы анық естіледі. Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде»,- деді  фракция мүшесі.

Серік Ерубаев азаматтарға жаппай айыппұл салуға қатаң «нұсқаулар» белгілейтін заңдарды депутаттар қабылдамағанын айтады.

Фракция мүшесі көлікті 5 минут қана қыздыру мәселесіне де тоқталып өтті. Ол негізсіз айыппұлдарды қолданудан, ең алдымен, кәсіпкерлер мен көлік жүргізушілері зардап шегетінін айтады.

«Бір мысал ретінде, кең резонанс алған, тұрақта қозғалтқышы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрғаны үшін айыппұл салу белсендігін келтіруге болады. Мұндай санкция кәсіпкерлер үшін үлкен проблема тудыруда, мысалы, тауарларды үй жанындағы дүкендерге тиеу және түсіру кезінде, әдетте, бөлінген бес минуттан көп уақытты алады. Ал қозғалтқышты минус 20 градус немесе одан да көп температурада өшіру мүмкін емес»,- деді  мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында.

Ақ жолдықтардың уәжін жеткізген депутат Серік Ерубаев былтыр әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізетін кезде бұл заң жобасын қолдамағанын да айтып қалды. Сол уақытта  жауапты органдар партия депутаттарының ұсынысын құп көрмеген.

«Сол кезде, біз, полицейлердің әңгімелеріне және олардың басшыларының кодексті бұзғаны және азаматтарға айыппұл салғаны үшін хаттамаларды рәсімдеу бойынша түсініксіз «нормаларды» белгілеу туралы талаптарына азаматтардың куә болғаны туралы мысалдар келтірген болатынбыз», – дейді Серік Ерубаев

Мәселе қалай шешілу керек?

 Партия депутаттары мынадай ұсыныс тастады:

  • осы сауалда баяндалған нақты мысалдар бойынша тексеру жүргізу;
  • жоғары тұрған полиция бастықтарының азаматтарға жаппай айыппұл салу туралы талабы бар бейнетаспаның шынайылығы жөнінде ресми түрде хабарлау;
  • ІІМ жүйесінде өз қарамағындағыларға осындай тапсырмалар берген басшылар анықталғаны және олар қандай жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімет беру;
  • аймақтардың температуралық режимі мен климатын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар тұрақ туралы норманы қайта қарау және зиянды шығарындыларды азайту бойынша баламалы және неғұрлым әділ шараларды пысықтау.

Айта кетейік, EGOV.PRESS телеграм арнасында әрбір қызметкер күніне бір хаттамадан толтыру керек деген тапсырма берілген аудиожазба жарияланған. Онда әрбір экипажға айыппұлдар санын арттыру бойынша міндет жүктелген. Сондай-ақ holanewskz телергам арнасында да полиция қызметкерінің рациясына «күніне әр экипаж кемінде 5 айыппұлдан салуы керек» деген тапсырма айтылған видео жарияланды.