Алматы қаласының әкімдігі феминистерге 8 наурыз күні шеру мен митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы феминистер «8 наурыз» парақшасында хабарлады.
Белсенділер Алматы қаласы әкімдігіне 8 наурызда митинг пен шеру өткізу туралы хабарлама мен өтінішті дүйсенбі, 13 қаңтарда жібергенін айтады. Әкімдік жауабы көп күттірмегенімен, митинг өткізуге рұқсат бермеген.
«15 қаңтарда митингке рұқсат берілмегені туралы жауап алдық, себебі ретінде «қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупі» көрсетілген. Біз берілмейміз және әкімдіктің шешіміне шағымдануды жоспарлап отырмыз. Ал шеру туралы жауап әлі жоқ. Жаңалықтарды бізбен бірге бақылаңыз», – делінген белсенділер хабарламасында.
Алматыда 2017 жылдан бері 8 наурыз күні бірнеше рет әйелдер митингісі мен шеруі өтіп, кейінгі жылдары әкімдік түрлі себеппен оған рұқсат бермей келеді.
Мұндай жиындарда тұрмыстық зорлық, әркімнің таңдауына құрметпен қарау, кей дәстүрлі көзқарастардың ескіргені, әйелдердің саясатқа араласуы сияқты мәселелер көтерілген.