Инстаграмда Қазақстан әртістерінің әндері қашан пайда болады? Әділет вице-министрі жауап берді
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Инстаграм желісінен жоғалып кеткен қазақстандық әндердің мәселесіне байланысты сұраққа жауап берді.
Вице-министр инстаграм қазақстандық әншілердің туындыларын авторлық құқықты қорғайтын ұйыммен келісімге келе алмағандықтан өшіргенін атап өтті.
«2025 жылғы келісімшартқа байланысты талқы туған. Талқы әлі де жүріп жатыр. Келісімге қашан келетіні, музыка инстаграмда қашан пайда болатынын біз білмейміз. Ол келісімшартқа қол қойылғанына байланысты болады. Министрлік өзін-өзі реттеуші ұйымның жұмысына араласа алмайды. Десе де біз қоғамда резонанс тудырған мәселе бойынша Мәдениет министрлігімен Мета компаниясына жүгіндік. Олар келісімнің шарттарын жариялай алмайтынын, алайда мәселе жуық арада шешілетініне үміттенетінін мәлім етті», – деді Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында журналистер сауалына жауап беріп.
Мән-жайы
Қараша айының соңында отандық авторлардың музыкасы Instagram мен Facebook-тен өшірілген болатын. Әлеуметтік желілерге иелік ететін Meta компаниясы мұндай қадамға «Қазақстан авторлық қоғамы» (ҚАҚ) ұйымымен келісе алмағандықтан барғанын мәлім еткен. ҚАҚ Meta қазақстандық авторларға өте төмен гонорар төлейтінін, соның мөлшерін көтеру бойынша қос тарап келісе алмай жатқанын жеткізген. Қазақстан авторлар қоғамы РҚБ төрағасы Байғали Есенали Meta отандық музыканттарға қанша төлейтінін ашып айта алмайтынын, түсіну үшін Еуропа, АҚШ нарығынан 200 есе аз төлейтінімен салыстырып шамалауға болатынын айтқан.