Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сурет салуға байланысты ислам дініндегі үкім қандай екенін түсіндірді.
Мүфтият мәліметінше, дін ғалымдары сурет салудың үкімін екіге бөліп қарастырады.
- Жансыз заттардың суретін салу. Төрт мәзһабтың (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали) ғалымдары жансыз нәрселердің суретін салуға рұқсат етілгендігіне бірауыздан келіскен. Ибн Аббастан жеткен риуаятта сурет салушыға: «Бұдан басқа жұмыс жасай алмасаң, мына ағаштың суретін немесе кез келген жансыз затты бейнеле» [3], – деген.
- Тірі жанның суретін салу. Бұл – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Жұмһур (ханафи, шафиғи, ханбали) ғалымдары тірі жанның толық бейнесін салуға тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қиямет күні қатты азапқа тартылатындар – суретшілер»[5], – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Ғұламалар кеңесі ислам ғалымдарының пікірлері мен мазһабтардың талап-тәртібін ескеріп төмендегідей төрт шешім шығарған:
- Жансыз заттың суретін салуға рұқсат етіледі.
- Білім беруде, ғылыми мақсатта жаны бар нәрсенің суретін салудың оқасы жоқ.
- Тәрбиелік мәні бар, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға болады.
- Пайғамбарлардың бейнесін бейнелеу – харам.