Жаңалықтар

Қазақстан прокуратурасы Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігінен табылған жазбаларға қатысты пікір білдіруден неге бас тартты?

Қазақстан прокуратурасы Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігінен табылған жазбаларға қатысты пікір білдіруден неге бас тартты?
Қазақстан прокуратурасы Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігінен табылған жазбаларға қатысты пікір білдіруден неге бас тартты? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Бас көлік прокуратурасы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағы ұшқыштарының диспетчерлермен жасаған келіссөздеріне қатысты пікір білдіруден бас тартты. 

Айта кетейік, ресейлік Baza басылымы Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігінен табылған жазбаны жария еткен. Қазақстан Бас прокуратурасының хабарлауынша, ақпаратты Ресей тарапы таратқан. Қазақстан тарапы ақпаратты растап немесе жоққа шығара алмайды.

Ресей басылымы жария еткен деректерге сәйкес, экипаж мүшелері Грозныйға қонудан бас тарту, Ақтауға қарай маршрутты өзгерту туралы шешімді өздері қабылдаған. Жария болған материалдың шынайы екені туралы ақпаратты әлі ешкім растаған жоқ.

«Жазбаларға сәйкес, ұшаққа құстардың соқтығысуы мен газ баллонының жарылуы туралы нұсқаны экипаж мүшелері диспетчерлермен сөйлесу кезінде айтқан. Сондай-ақ ұшқыштың бортта төтенше жағдай жарияламағаны белгілі», – деп жазады басылым.

Ресейлік басылым қара жәшік жазбаларын алған дереккөздерін ашпады. Дегенмен ұшақ апатына байланысты Ресей тергеу комитетінің сараптама тағайындағаны туралы ақпарат бар. 

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында таңертең Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Бортта 67 адам болған, 38 адам қайтыс болды.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың Ресейде «ракеталардан зақымданғаны» туралы айтып, кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді талап еткен.

Ресей президенті Владимир Путин Әлиевтен Ресей Федерациясының әуе кеңістігіндегі «оқиға» үшін кешірім сұрады.