Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан археолог Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша сот отырысы жабық режимде өтетін болды. Істі қараған судья Секенов сарапшы-полиграфологтың талап-арызы негізінде БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып, процесті жабық режимде өткізуге шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы гарнизонының әскери сотында Жағыпаровтың ісі бойынша үш сот отырысы өтті. Алғашқы сот отырысы 18 желтоқсан күні басталған. Сотқа 5571 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Айтжан Әубәкіров тартылған. Оған Қылмыстық кодекстің 451-бабы («Билікті асыра пайдалану») бойынша айып тағылған.
Бұл іс бойынша жалпы 35 куәгер сотқа шақырылған. Куәгерлердің айтуынша, Жағыпаровты ұрып-соғып, азаптар өлтірген. Медициналық сараптама бойынша денесінен 10 оқтың ізі табылған.