2024 жылы Қазақстан азаматтығын алған қандастар саны күрт азайған

Жарияланды
Қазақстан азаматтығы
2024 жылы 15,7 мың қандас Қазақстан азаматтығын алған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылы 20,2 мың шетелдік Қазақстан азаматтығын алған. Бірінші кредиттік бюро азаматтақ алған адам саны 2020 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түскенін хабарлайды.

Бюро мәліметінше, Қазақстан азаматтығын алғандар қатарында қандастар саны басым. Десе де, атамекеніне оралған қазақтар саны өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Шетелден оралған қазақтардың аз болуы негізгі көрсеткіштердің төмендеуіне де әсер еткен. Мәселен, 2024 жылы 15,7 мың шетел қазағы атамекеніне оралып, Қазақстан азаматы атанған. Ал 2023 жылы 20,5 мың қазақ ел азаматтығын алған. Көрсеткіштердің төмендегінен қарамастан, 2024 жылы азаматтық алғандар арасындағы қандастардың үлесі артқан. Яғни, 2023 жылы азаматтық алғандар арасында қандастардың үлесі 76% болса, 2024 жылы 77%-ға көтерілген.

Азаматтық алғандардың көбісі негізінен Алматы облысына қоныстанған. Қазақстан азаматтығын алғандар негізінен мына үші облысқа барады:

  • Алматы облысы – 26%
  • Астана – 9%;
  • Түркістан – 8%.

Ал Байқоңыр, Ұлытау, Қызлорда өңірлерін азаматтық алған адамдар көп таңдай бермейді. Мәселен, азаматтық алған соң Байқоңырға небары 19 адам, Ұлытау облысына 21, Қызылорда облысына 42 отбасы көшіп барған.

Айта кетейік, шетелден атамекеніне көшіп келген қандастарға және қоныс аударушыларға арнап мемлекет 9653 квота бөлді. Квотаның басым бөлігі Павлодар облысына берілген. Жалпы, қандастар мен қоныс аударушыларға берілетін квотаға сәйкес, көшкен отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (275240 теңге ) көлемінде біржолғы субсидия беріледі. Одан бөлек 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке (58980-117960 теңге) дейін тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық төлемге субсидия көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз