Депутат ұлттық тауар өндірушілерді Ресей «экспансиясынан» қорғауды сұрады

Жарияланды
Ермұрат Бапи
Ермұрат Бапи отандық тауар өндірушілердің Ресей импортынан қысым көріп жатқанын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Ермұрат Бапи отандық тауар өндірушілердің Ресей импортынан қысым көріп жатқанын айтады. Еуразиялық экономикалық одақ шарттарына сәйкес, Қазақстанға Ресей мен Беларусь өнімдері еркін кіреді. Олар баж-салық регламенттерімен шектелмегендіктен, импорттық арзан тауар елге көптеп кіріп, отандық кәсіптің тоқырауына алып келіп жатыр.

Бапи Ресей мен Беларусьтің арзан әрі адам денсаулығына зиянды консерванттарымен нығыздалған өнімі отандық нарықты жаулап алғанын, салдарынан Алматы, Қарағанды, Шымкент сияқты ірі мегаполистер маңайындағы ет өнімдерін өндіретін компаниялардың жұмысшыларын мәжбүрлі түрде қысқартып жатқанын айтады.

«Біз кезінде ресейлік лоббидың әртүрлі айла-шарғымен қысастық жасауы салдарынан Батыс Қазақстандағы «Кублей» ет өнімдері зауытын құртып тындық. Осындай айла-амалмен Еуразиялық одақтың басқа елдерінен келетін импортқа лоббилық қызмет жасаушы жолбике-делдалдар қазақстандық ет өнімдерін нарықтан ығыстыруды жалғастыруда», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, дәл осы «Кублейдің» күні «Бижан» ет өнімдері зауытына туған. Небәрі 4-5 жыл бұрын «Даму» қорының кредиттік көмегімен салынған Алматыдағы «Бижан» ет өнімдері зауытының басшылығы өз жұмысшыларын қысқартып жатқанын хабарлаған.

«Себеп біреу-ақ – отандық сауда орындарын жаулап алған Ресей мен Беларусьтің азық-түлік тауарларының экспансиясы. Отандық нарықты ресейлік импорттың басып алуынан өнім өткізу проблемасына тап болған «Бижан» ет комбинаты бүгінде 50 пайызға жетер-жетпес қуатпен жұмыс істеп жатыр», – дейді Бапи.

Мұндай қысылтаяңға тап болған кәсіпорындардың елде көп екенін айтқан депутат елдегі бұл теріс құбылысқа Еуразиялық экономикалық одақ шарттары себеп болып отырғанын мәлімдеді.

«Отандық кәсіпкерлердің тынысын тарылтып, олардың қызмет-қарымын шідерлеп тастаған ең бірінші кесапат – Еуразиялық экономикалық одақтың шарттары екенін біліп отырсыз, бірақ оны сыртқы саясаттың салқыны салдарынан Үкімет дауыстап айта алмайды», – дейді ол.

Елде қалыптасқан бұл жағдайды шешу үшін депутат Еуразиялық экономикалық одақ келісімін толықтай болмаса да, оның ұлттық тауар өндірушілерге тікелей қатысы бар жекелеген баптарына ревизия жасауды ұсынды.

Ермұрат Бапи Үкіметтен мемлекеттің саяси басшылығы алдына нақты ұсыныстармен шығып, ұлттық тауар өндірушілерді Еуразиялық одақтың басқа қатысушылары тарапынан жасалып жатқан интервенциядан қорғаудың инструменттерін іске қосуды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз