
2024 жылы Қазақстан мен Қытай темір жолы арқылы тасымалданған жүктің көлемі 32 млн тоннадан асып жығылған. Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің хабарлауынша, бұл – тарихи меже.
Еліміздің Шығыстағы көршімізге шығарған экспорты да көбейген. Жалпы салмағы 13 млн тоннаға жетіп отыр. Бұл алдағы жылдармен салыстырғанда 1 миллион тоннаға артық. Темір, түсті металл, қара және түсті металдар – қазақстандық экспорттың басым бөлігі. Ауылшаруашылық өнімдердің ішінде, астықтың үлесі жоғары.
Екі ел арасында алыс-берістің жанданғаны сол, импорт та 5%-ға артқан.
Сонымен қатар Қазақстанды басып өтетін транзиттік тасымал айтарлықтай өскен. Ол 15,3 млн тоннаға жетіп, 19 %-ға ұлғайды. Еуропаға жөңкітілген контейнерлік транзиттің көлемі қомақты. Бұл бағыттағы өсім 43%-ды көрсетті.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Сиань Халықаралық құрғақ портында қазақстандық терминалдың ашылуы өсімге елеулі үлес қосып отыр. Мәселен, 2024 жылы осы терминал мен Ақтау порты арқылы 300-ден аса контейнер тиелген пойыздар өткен. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылмен, яғни 2023 жылмен салыстырғанда 30 есе артық.
Мұның алдында Қазақстан мен Қытай арасында үшінші темір жол құрылысының басталатынын, екі ел арасындағы жүк тасымалын 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.