Джеф Безос зымыран ұшырды
Миллиардер Джеф Безос Илон Масктің ғарыш бизнесіне бәсекелес болмақшы. Оған тиесілі Blue Origin компаниясы жаңа зымыранды сынақтан өткізгенін хабарлады.
Жаңа зымыран тасымалдаушы New Glenn деп аталады. 16 қаңтарда алғаш рет сынақтан өтті.
Бірінші стартта орбитаға жүк шығару жоспарланған. Соған сәйкес 100 метрлік зымыран көкке көтерілген соң, 12 минуттан кейін орбитаға жүк модулін жеткізді. Ал одан кейінгі әрекеті сәтсіз болды. Ғарышқа шыққан соң, 20 минуттан кейін зымыран Атлант мұхитындағы қалқымалы платформаға қону керек еді. Бірақ оған жетпей қалды.
Осы саладағы мамандар бұл оқиғаны Безос ғарыш компаниясының алғашқы қадамы және Илон Маскке тиесілі SpaceX-ке бәсекелес болуы деп бағалайды.
Екі кәсіпкер де жеке ғарыш жобаларын дамытып, Айға тұрақты зымыран ұшыруды жоспарлап отыр. Бірақ Безостың өзі мұны бәсекелестік деп атамайды. Ал Маск Х әлеуметтік желісінде Blue Origin-ді алғашқы қадамымен құттықтады.
Джеф Безос және Илон Маск та – әлемдегі ең бай 500 адамның тізімінде алғашқы орындарды иеленген. Bloomberg есептеуінше, ең бай 500 миллиардердің дәулеті 10 трлн доллардан асады