Шетелдіктер Қазақстанға көбіне емделу үшін келеді. Олар қазақстандық дәрігерлердің жоғары біліктілігіне сенім артады екен.
Ведомствоның хабарлауынша, шетелдіктер Қазақстанда диагностика мен емдеудің заманауи технологиялары, әдістері қолданылады деп санайды. Ауруханалардың да дамыған инфрақұрылымы да тағы бір себеп. Бұдан бөлек, шетелдіктер Қазақстанда жоғары білікті дәрігерлері үшін арнайы ат басын бұрады.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда медициналық туризм қандай деңгейде екенін айтып өтті.
Мәселен, 2024 жылы UMC клиникаларының базасында 2000-нан астам шетелдік пациент емделген. Медициналық қызметтердің құны шет елдерге қарағанда төмен болғандықтан, көбіне Қазақстанға келуді жөн санайтындар көп.
«Олар қымбат, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді, хирургиялық араласуды, соның ішінде жүрек операцияларын, стоматологиялық көмекті, онкологияны емдеуді және буындарды протездеуді таңдайды»,- деп хабарлады министрлік.
Қазақстанға қай елден емделуге келеді?
Қазақстанға көбіне Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан сияқты іргелес елдерден келеді. Сонымен қатар Түркия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Аустралия елдерінің азаматтары да дерттеріне шипа іздеп Қазақстанға табан тірейді.