Әділет министрлігі жемқорлардың шетелге шығуына шектеу енгізуді қарастыруға дайын
Жемқорларды шетелге шығармау туралы норманы заңға енгізу мәселесі қаралуы мүмкін. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың ақша жымқырғандарды елден кетуге тыйым салу туралы ұсынысына қатысты жауап берді.
«Ақ жол» фракциясы заңға осындай норма енгізу керек екенін 2017 жылдан бері ұсынған. Алайда вице-министр жұмыс тобының қарауына ресми түрде мұндай ұсыныс енгізілмегенін айтады. Министрліктің бұл бастамаға қатысты әзірге нақты ұстанымы жоқ, десе де депутаттардың ұсынысын қарауға да қарсы емес.
«Қазіргі уақытта Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобының аясында, кеше бірінші оқылымға шығарылған заң жобасы қаралуда. Сол заң жобасы аясында ғана бұл бастаманы көтеру жоспарланып отыр, сондықтан біз оны қарастыратын боламыз. Әзірге нақты ұстаным жоқ, оны ресми түрде білдірген жоқпыз», – деді Жақселекова Сенат кулуарындағы брифингте.
Еске салсақ, 15 қаңтарда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жемқорлардың Қазақстаннан кетуіне тыйым салатын талап енгізуді сұраған еді. Оның пікірінше, қазіргі кезде мұндай шектеулер қатардағы азаматтарға да салынып отыр. Депутат офшорлардың Қазақстан үшін үлкен мәселеге айналып отырғанын алға тартқан.
Осыған дейін Әділет министрлігі 117 мыңнан астам қазақстандыққа қарызына байланысты шетелге шығуға тыйым салынғанын хабарлаған еді.