Жаңалықтар

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап автогаз бағасы қымбаттайды

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрлігі  «Ашық НҚА» порталында 1 ақпанынан бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасын өсіру туралы бұйрық жобасын жариялады. Министрлік автогаздың қымбаттауы сұйытылған мұнай газын өндірушілер шығындарының өсуіне байланысты деп түсіндірді.

Мән-жайы

Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағындағы автогаз құю станциялары үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 458 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрі бұйрығының жобасын жариялады.

Министрлік түсіндірмесі

ЭМ мәліметінше, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65 мыңнан 75 мың теңгеге дейін, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңге деңгейінде белгіленген. 

«Осыған байланысты, өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеулерді жаңғырту және жүргізу үшін қаражат тапшылығы жинақталуда. Сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылғы 1,8 млн тоннадан 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейінгі өсуі жалғасып жатқанын айта кету керек. Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасында ең төмен бағалардың бірі болып қала береді» делінген министрлік түсіндірмесінде.

Газ қаншаға өседі

Көзделіп отырған өзгеріске сай, сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты 6 теңгеден 21 теңгеге дейін ұлғаяды. Литрге шаққанда сұйытылған газдың ең қымбат бағасы 102 теңгені құрайды. Ал ең төменгі баға 65 теңге. Аймақтар бойынша баға өзгерісін төмендегі кестеден көруге болады.

Бұйрық жобасын талқылау 2025 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасады.

Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов өзінің телеграм арнасында бензин мен дизель отыны бағасын либерализациялауға дайындық барысында бұл шаралар орын екенін жазды. Оның пікірінше, аталған шешім автогаз тапшылығы жағдайында автокөлік иелерінің бензиннен автогазға күрт ауысуының алдын алады.

Энергетика министрлігі жылдың басында ғана 2025 жылғы І тоқсанда ішкі нарықта сұйытылған газ бағасы қымбаттамайтынын мәлімдеген.

Ал оның алдында сенат депутаты Бекбол Орынбасаров сұйытылған газ бағасының арзандығы ішкі нарықта газ тапшылығын тудыруы мүмкін екенін айтқан.