Ресей алдағы 10 жылда Беларусьті аннекциялайды – соғысты зерттеу институты

Жарияланды
shutterstock/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кремль Беларусьті іс жүзінде аннекциялауға жақын әрі қазіргі үрдістер сақталса, мақсатқа он жыл ішінде жетуі мүмкін. Бұл туралы Америкалық соғысты зерттеу институтының (ISW) есебінде айтылған, деп жазды euronews.com.

Есепте Кремль Беларусьті НАТО-ға қарсы агрессия үшін пайдалануды көздейтіні жазылған. Сарапшылардың айтуынша, Беларусь тек Ресейдің одақтасы ғана емес, ол Кремль үшін ғаламдық ықпал ету құралын қамтамасыз ететін стратегиялық активке айналып келеді.

«Кремль Беларусьті экономикалық және әскери жағынан интеграцияланған федеративті мемлекетке айналдыруға ұмтылуда», – деп атап өтті ISW.

Есеп авторлары Кремль Беларусьтің қарулы күштері мен әкімшілік басқаруына толық бақылау орнатуды, Ресей әскерін тұрақты орналастырып, экономикалық бірігу арқылы ортақ нарық пен заңдарды енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтеді.

«Бұл үрдістер НАТО мен АҚШ-тың шығыс қанатының қауіпсіздігіне және Украинаның қорғанысына тікелей қауіп төндіреді. НАТО Беларусьтің Ресейдің толық бақылауына түсу мүмкіндігіне дайындалуы қажет. Беларусьтің Ресей бақылауына өтуі НАТО мен АҚШ-тың қауіпсіздігі үшін ауыр салдарларға әкелуі мүмкін», – делінген есепте.

Бұған дейін саясаттанушы, Юстус Либих атындағы Германия университетіне қарасты Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының сарапшысы Роза Тұрарбекова Беларусьтің Ресейге тым тәуелділігі оның егемендігін жоғалтып алуына дейін әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар ресейлік «Медуза» басылымы жуырда Кремльге жақын дереккөздердің сөзін келтіріп, Ресей Украинадағы соғыс аяқталған соң Беларусьті қосып алу жағын ойластырып жатқанын жазған. Ол екі елдің интеграциясы ретінде іске асуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз