Жаңа жыл қарсаңында шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, басынан ауыр жарақат алған семейлік мұғалім Қуат Айтқалиевтің ісін еңбек инспекциясы тексеріп болды. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне мұғалімнің жары Сымбат Аянқызы айтты.
Сымбаттың сөзінше, еңбек инспекциясы мұғалімнің пайдасына шешім шығарып, болған оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі деп тапқан.
Шешімге сай, жұмысқа бармаған күндері үшін мұғалімге еңбекақысы толық көлемде төленеді.
Ескерте кетейік, жаңа жыл қарсаңында Семейде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер науқастың бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Оның орнына екі айдан кейін пластик қойылады.
Аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс ашылған.