Жаңалықтар

Жүргізуші емтиханына жазылу: қандай өзгерістер енді?

Жүргізуші куәлігін алу емтиханына тек ХҚКО қосымшасы арқылы жазылу керек /Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық және тәжірибелік емтиханға тек ХҚКО қосымшасы арқылы ғана жазылуға болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы хабарлады.

Корпорация жаңашылдық азаматтарға ыңғайлы әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын атап өтті.

«ХҚКО» қосымшасының барлық қолданушысы екі факторлы аутентификациядан өтеді: алдымен – биометриялық идентификация, сосын 1414 нөмірінен келіп түскен SMS-коды арқылы өзінің жеке басын растайды. Одан кейін жүргізуші куәлігіне үміткер  «Теориялық емтиханға жазылу» немесе «Тәжірибелік емтиханға жазылу» батырмасын таңдайды. Бұдан соң қызмет алушыға 1414 нөмірінен хабарлама келіп түседі. Айта кету керек, SMS хабарлама Мобильді азаматтар базасына тіркелген телефон нөміріне жіберіледі», – делінген хабарламада.

Қосымша арқылы емтиханға жазылу үшін алдын ала Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтінім нөмірін алу қажет.

Сервис емтихан уақыты мен емтихан тапсыру кестесіндегі өзгерістер туралы пайдаланушыларға хабарлап отырады.

Сондай-ақ қосымша ХҚКО-ға бару уақытын брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, қызықтырған халыққа қызмет көрсету орталығының мекенжайын табу және өзекті сұрақтармен танысуға мүмкіндік береді.

ХҚКО қосымшасын Google Play және App Store арқылы жазып алуға болады.

Бұған дейін, емтиханға жазылу жүзеге асырылып келген booking.gov4c.kz сайты енді пайдаланушыларға емтихан тапсыру сәтінің трансляциясын онлайн режимде көрсетеді.

Ескерте кетейік, жуырда мопедті тіркеуге арналған міндетті құжаттар тізімі көбейген.

Сондай-ақ елде жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірлерінің бағалары өзгеретінін хабарлағанбыз.