2025 жылғы 1 ақпаннан бастап сумен жабдықтауға және су бұруға жаңа тарифтер енгізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Бөденеева мәлім етті.
Оның сөзінше, сумен жабдықтау және су бұрудың реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жаңа бес жылдық кезеңге арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген. Оған сай, жеке тұлғалар үшін суды «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізілген.
Әсел Бөденеева норма «неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидаты бойынша әрекет ететінін айтады.
«Сумен жабдықтаудың орташа тарифі 135,24 теңге / м3 құрайды. Су бұруға 83,54 теңге / м3. Халық үшін сумен жабдықтаудың базалық тарифі 91,96 теңге/м3 дейін, ал су бұруға – 83,54 теңге/м3 дейін өседі» – деді ол.
Суды пайдалану көлеміне байланысты тарифтер:
• 1 адамға айына 3 м3 дейін – 91,96 теңге/м3,
• 1 адамға айына 3 м3-тен 5 м3-ге дейін – 110,36 теңге/м3
• 1 адамға айына 5 м3-тен 10 м3-ге дейін – 137,94 теңге/м3
• 1 адамға айына 10 м3 жоғары және суды есептейтін жеке аспаптары жоқ жеке тұлғалар – 183,92 теңге/м3.
Әсел Бөденеева алынған қаражат ресурс үнемдеуші технологияларды енгізуге, жабдықтарды жаңғыртуға және желілерді жөндеуге бағытталатынына сендірді.
2024 жылғы қарашада экс-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елде тұрғын үй-коммуналдық жүйелері жаңғыртылып жатқандықтан, 2029 жылға дейін коммуналдық қызметтердің бағасы өсітенін айтқан.
Одан бөлек алдағы 4 жылда жылу энергетика жүйесін жаңғыртуға 10 трлн теңге бөлінеді. Қаржы ұлттық қор мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынуы мүмкін.