Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеге қатысты 2025 жылдың алғашқы шешімін қабылдап, 15,25% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.
Ұлттық банк мәліметінше, желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты.
«Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ҰБ инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отырғанын айтады. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан, сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп қайта өсті. Әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және Ресейде инфляцияның қарқын алуына байланысты сыртқы инфляциялық қысым да жоғары.
2024 жылғы қарашадағы шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 1%-ға өсіріп, 14,25%-дан 15,25%-ға жеткізген еді. Оған себеп – жыл соңында елдегі инфляцияның қарқын алуы. Сол кезде теңге де қатты құнсызданып, доллар бағамы 500 теңгеден асты. 2024 жылдың нәтижесінде инфляция 8,6%-ды құраған.
Бұған дейін сарапшылар базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деген пікір білдірген еді. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов базалық мөлшерлеме көктемге дейін 15,25 % деңгейінде сақталады деп болжаған.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары да реттеуші негізгі мөлшерлемені сақтайды деп тұжырымдаған. Респонденттердің болжамы бойынша, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14% деңгейінде қалыптасуы ықтимал.
Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан сарапшылар да базалық мөлшерлемеге қатысты болжамын қайта қарап, 2025 жыл ішінде негізгі мөлшерлеме 14,7%-ке дейін төмендеуі мүмкін деп пайымдайды.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді жылына 8 рет шығарады.