Үкімет Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт көлемін шектеуді жоспарлап отыр. Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов министрлер кабинеті бас банктің ұсынысымен келіскенін мәлімдеді.
Республикалық бюджет пен Ұлттық қор туралы заңнамаға сәйкес, қордан алынатын кепілдендірілген трансфет көлемі нақты белгіленеді. Енді Ұлттық банк пен үкімет қордан алынатын нысаналы трансферт көлемін де заңмен бекітуді қолға алмақ.
«Нысаналы трансфертті кез келген жобаға бөле беруге болмайды. Бұл әлеуметтік-экономкалық әсері үлкен, ұлттық деңгейдегі жоба болуы шарт. Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен осы бюджет ережелерінің кепілдендірілген трансфертке ғана емес, Ұлттық қордан алынатын бүкіл қаржыға қатысты қолдану мәселесін талқылап келісімге келдік», – деді ҰБ басшысы.
Енді қаржыны оңды-солы алуды шектейтін бюджет ережесі нысаналы да, кепілдендірілген де трансфеттерге қолданылады. Әзірге нақты шегі белгіленбеген.
Сүлейменовтің айтуынша, нысаналы трансферт шегі қаңтар айының соңына дейін нақтыланады. Десе де 2025 жылы Үкімет Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге қаржы алуды жоспарлап отыр. Оның 2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт болса, 3,3 трлн теңгесі – нысаналы трансферт болмақ.
2024 жылдың 12 айында Ұлттық қорға жалпы 8,8 трлн теңге түскен. Алайда қордан былтыр 5,6 трлн теңге республикалық бюджетке аударылды. 2024 жылдың 1 қаңтарында қорда 29,8 трлн теңге қаржы болса, қазір 33 трлн теңгеден сәл ғана асады. Яғни бір жылда қордағы қаржы бар-жоғы 3 трлн теңгеге өскен.