Қазақстанда туристер сауда-саттық жасағанда салығын қайтарып алуға арналған Tax Free жүйесін қолдану мерзімі ұзартылды. Бұл туралы Қаржы министрлігі жариялаған бұйрықта жазылған.
Жүйенің мақсаты Қазақстанға шетелдік туристерді тартып, бизнес субъектілерінің тауар айналымын ұлғайту. Жүйенің жарамдылық мерзімі 2025 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылды.
Пилоттық жоба ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерге кемінде 20 АЕК немесе 78 640 теңге (148,4 доллар) сомадан аспайтын тауарларды туристерге сатып алу және қосымша құн салығы сомасын өтеу тәртібін айқындайды.
Ержеге байланысты тауарларды Астана, Алматы, Шымкент және Түркістандағы сауда аймақтарынан сатып алу қажет.
Шетелдік туриске ҚҚС сомасын өтеу бірнеше шарт сақталған кезде жүзеге асады:
- ЕАЭО-ға мүше мемлекет азаматы болмауы тиіс;
- Сатып алушы тиісті түрде толтырылған және Мемлекеттік кірістер органының белгісін (жеке нөмірлік мөрін) қамтитын Tax Free құжатын (чегін) ұсынды;
- Tax Free құжаттарында (чектерінде) көрсетілген сатып алушы сатып алған тауарлардың жалпы құны тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде 20 АЕК-тен аспауы тиіс;
- Сатып алушы өзі сатып алған тауарларды ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге (тауарларды мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы әкетуді қоспағанда) Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларының ғимаратында орналасқан Қазақстанның мемлекеттік шекарасын өткізу пункті арқылы әкетуге тиіс.
- Tax Free құжаты (чегі) ресімделген күннен бастап ресімдеу айын қоспағанда, үш айдан аспауы тиіс.
Шетелдік туристерге қосымша құн салығын қайтарып алу жүйесі 2023 жылы енгізіліп, 2024 жылдың соңына дейін күшін сақтауы керек болған.