Жаңалықтар

Сарыөзекте сарбазға жаттығу кезінде оқ тиіп қаза тапты

Сарыөзекте сарбазға жаттығу кезінде оқ тиіп қаза тапты
Сарыөзекте сарбазға жаттығу кезінде оқ тиіп қаза тапты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жетісу облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек қаласындағы әскери гарнизонда жаттығу кезінде сарбазға оқ тиіп қаза тапты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпарат сүйенсек, 14 қаңтарда Қ. есімді қатардағы жауынгер даладағы оқу-жаттығу кезінде оқ тиіп қаза тапқан. 

«Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Сарыөзек гарнизонында жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде қарумен жұмыс істеу ережесін бұзу салдарынан мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Қ. оқ жарақатынан қаза тапты», – делінген хабарламада. 

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының төрағалығымен арнайы комиссия құрылған. 

Сарбаз туралы нақты мәліметтер жария етілмеген. Тек қызмет барысында өзін жақсы көрсеткені, әскери бөлімнің басшыларына шағым айтпағаны жазылған.

Айта кетейік, 2024 жылдың 9 қыркүйегінде қазақстандықтар жастарды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы петиция жарияланған. Алайда петиция модерациядан өтпей қалған.