Бизнес пайдасы үшін базалық мөлшерлемені төмендете алмаймыз – Ұлттық банк төрағасы
Ұлттық банк қарашада қабылданған 15,25% деңгейіндегі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. ҰБ ұйымдастырған брифингте журналистер банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен базалық мөлшерлемені төмендету мәселесін сұрады. Банк басшысы халық қамын ойлағандықтан, базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Естеріңізде болса, 2023 жылы инфляция шыңы 21,3%-ға жетті. Содан 8,6%-ға жеткіздік. Бұған базалық мөлшерлеме мен Ұлттық банктің аша-кредит саясатының арқасында жеттік. Бұл шешімнің инфляциялық ахуалға оң әсер еткенін статистикалық көрсеткіштерден көре аламыз. Біз инфляциялық дәліз 7,5-9,5% арасында болады деп болжаған едік. Қазір инфляция 8,6%-ға жетті. Біз оны болжанған дәліздің ортасында ұстап тұрмыз. Уәдемізді орындадық», – деді банк төрағасы.
«Қарапайым халықтың жағдайы нашарлап барады»
БАҚ өкілі базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты банктердегі несиенің қымбаттағанын айтты. Сонымен бірге базалық мөлшерлеменің жоғары болуы бизнесті жаңа өндіріс орындарын ашуға ынталандырмайтынын атап өтті. Сүлейменов бизнес мүддесін бірінші орынға қойып, базалық мөлшерлемені төмендетуді орынсыз деп санайтынын жеткізді.
«Елімізде тек бизнесмендер ғана өмір сүрмейді. Қарапайым халықтың да жағдайын ойлауымыз керек емес пе? Инфляция бірінші кезекте қарапайым халыққа салмақ түсіреді. Бизнесмендер күнкөріс көзін табады. Ал қарапайым халықтың жағдайы нашарлап барады. Сондықтан біз халық қамын ойлап, тиісті шешім қабылдадық. Тек бизнесмендердің жағдайын жасап, қарап отыруға болмайды», – деді Сүлейменов.
Ал дәл қазір мөлшерлемені күрт түсірудің қаупі жоғары. Мұндайда инфляция бір сәтте көтеріліп, бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен халыққа соққы болып тиюі мүмкін.
«Егер бизнестің пайдасы үшін базалық мөлшерлемені түсіретін болсақ, бұған халық не дейді? Қоғам жауабы қандай болмақ? Біз шешім қабылдағанда бизнес мүддесін ғана емес, сонымен бірге қарапайым халық мүддесін де ескердік», – деді банк басшысы.
Айта кетейік, бүгін, 17 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарып, оны өзгеріссіз қалдырды. Банк инфляцияның күш алып тұрғанын ескере келе, базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдаған.