Жаңалықтар

2024 жылы Қазақстанда 87,6 млн тонна мұнай өндірілген – Ұлттық статистика бюросы

мұнай өндірілген
Қазақстанда 2024 жылдың 12 айында 87,6 млн тонна мұнай өндірілген / Фото: kursiv.media

Қазақстанда 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 87,6 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

«ҚР Ұлттық статистикалық бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру 87,6 млн тоннаны құрады», – делінген бюро мәліметтерінде.

Өнеркәсіптік өндірістің индексі бойынша шикі мұнай шығару 97,5%-ды құраса, табиғи газ – 99,4%-ды құраған. Жалпы, 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 102,8% шамасында қалыптасқан.

Жеке салалар бөлінісінде, өндірістің өсуі өңдеу өнеркәсібінде – 5,9%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 4,5%-ға артқан.

2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда 50124,9 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Ал кен өндіру саласындағы өнім үлесі 22181,6 млрд теңгеге бағаланады. Өңдеу саласының үлесі 24502,6 млрд теңге. Жалпы, өндіріс көлемінің өсуі республиканың 16 өңірінде тіркелген. Ал төмендеу Ақмола, Атырау, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында анықталған.

Айта кетейік, Қазақстанда өндірілген мұнайдің негізгі бөлігі Каспий Құбыр консорциумы арқылы экспортталған. Атап айтқанда, Теңіз кен орнынан – 26 819 535 тонна, Қарашығанақтан – 9 816 458 тонна, Қашағаннан – 17 209 596 тонна мұнай тасымалданған.