Жаңалықтар

Тимур Сүлейменов президент сынына жауап берді

Сүлейменов
Сүлейменов президент сынына қатысты пікір білдірді / Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов президенттің Қазақстандағы экономистердің жұмысын «орташа» деп бағалауын орынды деп санайды. Бұл туралы банк басшысы базалық мөлшерлемеге қатысты брифинг барысында айтты.

«Президент басшылықтағы экономистердің жұмысына баға берген. Ұлттық банк экономикалық ведомстволар қатарына кіретіндіктен, бұл сынның бізге тікелей қатысы бар. Сонымен бірге экономикалық мекемелер қатарында «Самұрық», «Бәйтерек», ҚНРДА бар. Президент бізге «орташа» баға беріп отыр. Біз бұл сынды қабылдаймыз. Бұл өз жұмысымызды сапалы атқаруға ынталандырады», – деді банк төрағасы.

Ұлттық банк доллар бағамын шектеп ұстау саясатына көше ме?

Сүлейменов президенттің сұхбатта айтқан валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартып, нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру мәселесіне де өз пікірін білдірді.

«Президент сұхбатта ашық нарықтық экономиканы ұстанатын Қазақстан сияқты елдің еркін бағам саясатын ұстанғаны дұрыс екенін ашып айтты. Сондықтан біз валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесіне оралу мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз», – деді.

Ал бағамды қолдан тұрақтандыру саясатын қате әрі экономикалық теріс салдарға әкелетін тәжірибе деп бағалады.

«Бұл тәжірибе экономиканы қарабайырландырып, импорттың үстемдік құруына жол ашып, біздің экономикамызды диверсификациялауға қатысты жұмысымызды жоққа шығарады», – деді банк басшысы.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында валюта бағамына қатысты пікір білдіріп, елдегі экономистердің жұмысын сынға алған болатын. Президент «экономист басшылардың халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейтінін, алайда нақты нәтижесі бар шаруа» тындырмайтынын айтқан еді.