Соңғы кездері қоғамда «АҚШ Украинаға әскери көмегін тоқтатуы мүмкін» деген алаңдаушылық басым. Осыған орай Лондон мен Киев қорғаныс серіктестігі туралы 100 жылдық келісімге келген. Келісімге сәйкес Ұлыбритания Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырады. Бұл туралы Euronews басылымы хабарлады.
15 қаңтар күні Киевке Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер келіп, Украина президенті Владимир Зеленскиймен «100 жылдық әріптестік келісіміне» қол қойған. Бұл құжат негізінде Лондон Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беріп, болашақта елді Ресейден қорғауды қамтамасыз етеді.
«2025 жылы Ұлыбритания Украинаға бұрынғыдан да көбірек әскери қолдау көрсетеді. Біз осы жылы 3 миллиард фунт стерлинг көлемінде әскери көмек бердік. Украинаны майдан шебінде қорғауды жалғастыру үшін 2,2 млрд фунт стерлинг көлемінде қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұл қаражатты Украина қайтармайды, ол Ресейдің тыйым салынған активтерінің пайызынан алынады», – деп мәлімдеген Стармер.
Айта кетейік, қоғамда АҚШ президенттігіне Дональд Трамп келген соң, Украинаға әскери қолдау тоқтауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Ал бұл келісім Украинаға демеу береді. Келісім аясында екі ел арасында әскери серіктестіктен бөлек, ғылым, сауда және экономика салалары бойынша ынтымақтастық орнату көзделген.
Осыған дейін Батыс басылымдары соғыс тоқтаған соң, Украинаға Ұлыбритания мен Франция бітімгершілк әскерін жіберуі мүмкін деген ақпарат тарады. Осы келісім шеңберінде Зеленский Стармермен Украина аумағына Батыс әскерін орналастыру мүмкіндігін де талқылайтыны айтылған.