Қаңтар оқиғасында азаматтарды азаптаған полицейлер үш жылға бас бостандығынан айырылды
Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әділбеков мен тағы да бірқатар полиция қызметкерлері 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау ісі бойынша сотталды.
Сот үкімімен Берік Әбілбеков,Серік Тұрпанбаев, Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Олжас Айдарханов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Полиция қызметкерлері сот залында қамауға алынды.
Прокурор азаптауға айыптыларға үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Десе де, жәбірленуші тарап үш жылдың тым аз екенін айтқан.
Айта кететін жайт, Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтарды азаптау бойынша сот процесі өткен қыркүйек айында басталған болатын. Сотталушыларға «лауазымын асыра пайдалану» және «азаптау» бабымен айып тағылған-ды.
Бұл қылмыстық іс бойынша, қаңтарда азапталған 44 азамат жәбірленуші болып танылған. Оның бірі – қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов. Бұдан бөлек, 23 Өзбекстан азаматы бар.
Сот залының алдына істі болған әріптестерін қолдауға 50-ге жуық полиция келген. Олар әріптестерін кінәлі деп есептемейді. Жоғарыдан түскен бұйрықты орындағанын алға тартып отыр.
Мұның алдында Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша сот отырысы жабық режимде өткенін жазған едік.