Қырғыз музыканты Викрам Рузахунов сот барысында қысым атмосферасы болғанын айтты

Жарияланды
«Бұл әділдікке қарай жасалған кішкентай қадам», дейді музыкант/фото: Facebook.

Қаңтар оқиғасында азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов Алматы облысы Қошмамбет ауылында жаппай азаптау ісі бойынша өткен сот отырысына қатысты әлеуметтік желіде пікір қалдырды.

Оның айтуынша, бұл сот әділеттілікке қарай жасалған бір қадам болған. Десе де, қысымның атмосферасы болған.

«Сот үкім кесті: алты сотталушы үш жылға бас бостандығынан айыру жасасына кесіліп, сот залында қамауға алынды. 44 жәбірленушінің тек қана бірнешеуінің моральдық шығын туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды», – деп жазды қырғыз музыканты.

Қаңтар оқиғасында азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың сөзіне қарағанда, «әділ сотқа құрметтің орнына, қорқытып-үркітуге» куә болған.

«Қарасай аудандық соты ғимараты алдына ондаған Қарасай аудандық полиция қызметкерлері жиналып, жәбір көргендер мен олардың адвокаттарына қысым атмосферасын жасады. Қабылдау бөлмесінде таратуға үлкен телевизор қойған», – деп жазды Викрам Рузахунов.

Оның пікірінше, бұл әділдікке қарай жасалған кішкентай қадам.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда адам құқығы үшін күрестің жүйенің ұдайы қарсыласуы жағдайында жалғасып жатқанын тағы да бір мәрте көрсетіп берді. Қаңтар оқиғасы жазылмайтын жара болып қалып отыр», – дейді ол .

Оның айтуынша, кінәні мойындап, адам абыройына қарсы қылмысқа жаза тағайындауда ішінара болса да, алға басушылық бар. Халықаралық құқық қорғаушылар жәбірленушілердің ісін бақылап, олардың құқығының толық қалпына келуіне қол жеткізуге уәде берген.

Мұның алдында Қаңтар оқиғасында 44 адамды азаптаған полиция қызметкерлерінің үш жылға сотталғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз