Жаңалықтар

Ресейде шошқа тұмауы тарап жатыр

Шошқа індеті егде жастағы тұрғындар мен денсаулығында кінәраты бар балалар үшін аса қауіпті./фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі елде шошқа тұмауы кең таралып жатқанын айтып, тұрғындарды сақтануға шақырып отыр. Жаңа індет штамы A(H1N1)09-мен қоса, В тымауы да күшейген.

Молнияның хабарлауынша, соңғы айда шошқа тұмауынан бес адам көз жұмған. Қайтыс болғандар бұған қарсы екпе алмаған көрінеді. Адам өлімі Ресейдің Ульяновск, Мәскеу, Новосібір, Воронеж, Забайкалье өңірлерінде тіркелген.

Ресей дәрігерлерінің мәліметінше, шошқа індеті егде жастағы тұрғындар мен денсаулығында кінәраты бар балалар үшін аса қауіпті.

Ең қауіптісі, A(H1N1)09 штамы. Ол ауыр пневмония тудырады. Әсіресе, қарттар, балалар мен созылмалы аурулары бар науқастарға қатер көп.

Ресейдің медициналық мекемелері қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Ғимараттарда дезинфекция жасап,  қосымша қорғаныс хаттамалары енгізілген.

Шошқа тұмауы –  тез таралатын респираторлық ауру. Шошқалар мен адамдарға жұғады. Жыл мезгілі жайлы болса, әдетте қыс және күзде өршиді.

Шошқа тұмауы адамнан-адамға ауа арқылы беріледі де, тыныс алу жолдарының шырышты қабатына тұрақтайды. Шошқа тұмауының белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды. Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, қалтырау, бас ауруы, бұлшық ет пен буындар ауырады. Тыныс мүшелерінің қызметі бұзылады. Індет аяқ астынан басталып, тез таралады. Асқынған жағдайда, өлімге де әкеп соғады.

Десе де, оның алдын алуға болады. Пандемия кезіндегідей, ұдайы бетперде тағып, тазалыққа қатты мән беріп, адам көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болу қажет.  

Қытайда адам метапневмовирусы тарап, ауруханалар науқастарға толып кеткен еді. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі де аталмыш вирус Қазақстанда тіркелгенін хабарлады.