Банк пен қаржы

Тимур Сүлейменов: Ресейге санкция салынса, тікелей теңгеге әсер етеді деген ой қате

теңге рубль
Ресейлік рубль мен теңге арасында байланыс жүргізбеу керек / Фото:shutterstock

Тимур Сүлейменов қарапайым халық пен бизнес өкілдерін ресейлік рубль мен теңгені байланыстырмауға шақырды. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлімдеді.

«Халық арасында, шағын және орта бизнес өкілдерінде «Ресейге санкция салынса, бірден тікелей теңгеге әсері болады» деген ой бар. Бұл дұрыс тұжырым емес. Ресей біздің ірі сауда-экономикалық әріптесіміз екені түсінікті. Бірақ олар өзінің жеке қаржылай әлемінде, жеке қаржы жүйесімен өмір сүреді, өзінің артық-кем тұстары, қатері бар. Біздің жүйеміз бөлек», – деді Ұлттық Банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда санкцияға іліккен нысандар жоқ, тек бірнешеуін есептемегенде. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақты, банк секторы мен құнды қағаздар нарығындағы «көрсеткіш тамаша».

«Екеуі түбегейлі басқа әлем, сондықтан теңге мен рубльді байланыстыруға болмайды. Кейде нарықтағы дүрбелең, мазасыздану тым артық. Ол ақша жоғалтуға әкелуі мүмкін. Себебі сіз ақша салып қойдыңыз, ал тәуекелдер болмай қалады»,- деп түсіндірді Сүлейменов көпшіліктің жаппай шетелдік валюта сатып алуы жайында.

Бұған дейін қаңтардың басында Сүлейменовтің орынбасары Әлия Молдабекова нарықтағы валюта бағамына әсер ететін фактордың бірі ретінде ресейлік рубльдің динамикасын айтқан еді.

«Нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған», – деген еді.